«Oil Construction Company» ЖШС Қаламқас құрылыс құрастыру қызметінің жұмысшылары сыртқы құбыр құрастырушысы Берік Қарымсақұлы Мұхамбетқалиевті зейнет демалысына шығарып салды. Ұжым мұнай саласына қалтқысыз қызмет еткен әріптестің қажырлы еңбегіне алғыс айтып, құрмет көрсетті.
Берік Қарымсақұлы Мұхамбетқалиев — еңбекке жарамды жылдарының жартысына жуығын мұнай өнеркәсібіне құрылыс жасау арқылы қызмет көрсететін ОСС компаниясына арнаған жан. Құбырларды өлшеп, құрастырып, дәнекерлеуге дайындайтын ол өз әріптестеріне ақылын айтып, кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісіп те отырған.
«Oil Construction Company» ЖШС – мамандарды үлкен еңбек сапарында шыңдаған орда. Бүгін Берік Қарымсақұлы соңғы ауысымындағы жұмысын аяқтап, қаншама жыл еңбек еткен ортасымен қимай қоштасып, өмірінің жаңа белесі – зейнет демалысына кетті. Ал өзінің сүйікті жұмыс орнын ізбасарларына сеніммен тапсырды. Ол жалындаған жас әріптестерінің алдағы уақытта биік белестерді бағындыратынына сенеді.

